Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  84


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Досым

Серікбекке
Сеңгірін мәңгілік аппақ қар құрсаған,
Таулары тәңірге жақындау бір табан.
Алтайда,
Тағдыры тағылау,
Еркесі сол түздің,
Шатқалда жайылып,
Жартаста жусаған.
Досым!
Таңдайын жібіткн Ертістің басынан,
Арғымақ орғытқан аюдай тасынан.
Ғарышқа қараған қараша қосынан,
Аршалық жасылдан,
Жаралған жасыннан.
Досым!
Тағдырдың Алтайдан тартылған жебесі,
Көздепті Арқаның айдарлы төбесін,
Зарығып өткенге,
Талығып жеткенде жұртына,
Табаға қарыған өз күлді көмешін.
Досым!


Саған да, маған да тұрақ бар Арқада,
Атажұрт ешқашан зар қылмас малтаға.
Қазақтың шығысы, тұрысы,
Туған жер жат жұртта...
Бөлінді картадан.
Бәрінен сол біздің батады арқаға.
Досым!
Пақырмыз айдаһар отынан қуылған,
Батырмыз жерінде жатпайтын жығылған.
Ақберен мінезбен,
Ақжолтай болмыспен,
Жаралған жарықпыз бұрыннан...
Досым!
Досым!
Досым!!!



қараша 2010ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу