Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  90


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Керуен жолдары

Изендей иланып,
Жусандай жүгінем далама,
Сары бел,
Сыр құйған сары қурай санама.
Сұлбасы сағыммен созылған керуен,
Молаға түнеген тастардан қалаған.
Боз шаңыт кілкіткен құмдауыт жоталар,
Сапарлар...
Керуен жолдары көкжиекке апарар.
Талыққан сары құмдар...
Жалыққан жалданба жарлылар,
Тағдырлар –
Көзіне құм толып адасқан боталар.
Ғасырлар –
Керуен жолдары құмдарға сіңіскен,
Шилеуіт құдықтан қауғалап су ішкен.
Зар мұңлы жалданба жарлының бар құны,
Өлшенген бір жармақ күміспен.
Керуен жолдары іздерін бүркер құм,
Адасқан боталар аспандағы үркер мұң.
Кездейсоқ жолаушы жолықса шешетін,
Керуен жолында жоғалған бір теңмін.


Түзгенді төбеде...
Жыңғылды жырада...
Мүбәда...
Мені де тауып алар бір адам...
Әй бірақ тыңдайды қай құлақ қайғыра,
Жарлыны шапанын жұрттағы жұрыннан құраған.
Ботамын керуен жолынан жырылған,
Көзіме құм толып белгісіз бағытқа қуылғам.
Айырма тәңірім қоңыраулы құмымнан,
Мен керуен жолында адасып туылғам...



қазан 2010ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу