Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  102


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Байымбұлақ сағынышы

Ұларбек Дәлейұлына
Көрінісім қалада,
Болымысым далада қалып қойған жан аға.
Түнегіндей нөсердің түрендене қабарам,
Сағыныштың дертінен сары даламдай сазарам.
Хәлі мүшкіл сертімен сенімімнің секемшіл,
Тағыда іштім сары су жүректегі жарадан.
Қорқам мынау сиқымнан,
Ояна алмай қалғандаймын ұйқымнан.
Көштің жолы ақайыл ғып кіл қиған,
Қайран адыр, бүйрктері бұлтиған!
Көз алдымнан кетпей қойы бұртиған,
Көшжөнекей апасынан нан сұрап,
Қара бала кебежеден қылтиған.
Жел гулейді іргемнен,
Жаным мұңлы, тәнім жалған күлгенмен.
Қой күзеті құтқарушы еді түрмемнен,
Абақыға Абақ бөркімді ілгем мен.
Сағынышымды сол далама созамын,
Саудыраған сүйек қалып сүлдемнен.


Бар ғаламға күн күлген,
Су емес-ау, дымның зарын құм білген.
Дәтімдегі тағатым дүр ділгірлі ең,
Байланысты Байымбұлақтағы үңгірмен.
Екеуіміздің отар барып, от жағып,
Бөрі үркіткен кезімізді кім білген.
Сары аршаны самда өртеп,
Ұмтылатын қызыл жалын жалға клпек.
Қасиетті қара үңгір һәм күрке,
Ең ақырғы отын жағып отардың,
Жартастарға жазып кеттік мәңгі ертек.
Шатқал шыңдар жаңғырық,
Байымбұлақ!
Сағыныш ол мәңгілік!
Сарымсақ алған сол жартасқа шылбырмен,
Неге ғана қалмадық біз таңылып.
Аспан мен жер қауышқандай жатушы ек,
Жұрын төсеп, жабағыны жамылып.
Біз даланың ұлы екенбіз ежелгі,
Тәңір кештеу пенде қылған жаңылып....



қазан 2009ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу