Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  86


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Күннің қызыл уын жұтып, жиек жұмды жанарын...

Күннің қызыл уын жұтып, жиек жұмды жанарын,
Алатаудан ай қылтиды салбыратып қабағын.
Сонау қырдың ар жағынан ауық-ауық ит үрді,
Біздің ауыл көшіп келіп қалған жоқ па қарағым.
Бөрібасардың үні еді жанымның кіл түнгі емі,
Сексеуілді маздатушы ем көңмен көміп іргені.
Тағы да әне бір түйенің боздағаны естілді,
Бошалап кеп қалған жоқ па біздің үйдің іңгені.
Жұлдыздардан көрем абыз ауылымның сұлбасын,
Әне атамның ақбоз аты бара жатыр қырды асып.
Ай бетінде Алтай тауы, қарағайы теңселіп,
Ертіс, Қыран ағып жатыр аспан жақтан шуласып.
Ақ қой – бұлттар мамырлайды
түнгі аспанда теңбілдеп,
Жел көтеріп кеткендеймін жерден ұшып мен мүлде.
О, тәңір-ау бала күнгі баққан менің қойларым,
Жайылатын боп алған ба барып шексіз зеңгірге!?
Дауыл менің күрсінгенім,
сағыныш жаңбыр жастарым,
Аман болшы қайран ауыл, аунамашы аспаным.
Бар ғаламды жанарыма құйып алып қисаям,
Жер төсеніп, көк жамылып, көкжиекті жастанып.



Тамыз 2007ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу