Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  88


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Жәннатқа барам деп көлден ұшқанмын...

Жәннатқа барам деп көлден ұшқанмын,
Көртышқанға еріп жер де құшқанмын.
Қаңбақпен дос болып құмда өнемін деп,
Тамыр жая алмай желмен ұшқанмын.
Қайран күндерім артымда қалды,
Жанардан шашырар жарқыл да қалды.
Ас беріп баққан аш күшіктерім,
Айналып келіп алқымнан алды.
Сертінен безді сенген серігім,
Көңілді көмді шел мен шері мың.
Өртенген жанымды өршіте түсіп,
Қатарлап қойды жел мен көрігін.
Қу көңіл жапанның құмын қармайды,
Қуаяқ ағайын ғұмырды алдайды.
Менде бар кезде достарым тым көп,
Менде жоқ кезде бірі қалмайды.



20 қыркүйек 2005ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу