Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  72


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Ауылым менің Алтайдың дарасында...

Ауылым менің Алтайдың дарасында,
Маған еріп сол жаққа барасың ба?
Демаласың самырсын саясында,
Қымызына құныға қанасың да.
Сыңғырымен бұлақтың сырнайлатып,
Гүлдер билер жастығын қырда ойнатып.
Әзілімен атаңнан ұялтады,
Жаулығыңды қайының ұрлай қашып.
Мал жамырар кешқұрым табысуға,
(Қозы-лақтар салады шабысын бар).
Қаша жақтан қапталдап бет алады,
Шелек-шелек сүті бар абысындар.
Апаң сиыр сауады,
Желі басы.
Бұзау тартпай сен онда не қыласың.
Бақайыңды кетеді бұзау мыжып,
Сен тұрасың ұялыс тері басып.
Мал қоралап оралсам шағынасың,
Шағынудан біртіндеп жалығасың.
Ду қаладан көңілді ондағы өмір,
Қырдың заңы осылай, бағынасың.

Ибаңменен жүресің халқыңды емдеп,
Саған ғана мәңгі тән жарқын келбет.
Жалғастырып жатасың жаныңменен,
Қала, дала арасын алтын зер боп.

4 наурыз 2005ж.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу