Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  62


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Қасірет

Оразалы Досбосынов қазасына



І
Қасірет!
Шын қасірет!
Қайран өңір қалдың-ау мұңға сіреп.
Көкжиекке сіңді де ғайып болды,
Қыран тағдыр жүретін шыңға түнеп.
Опырылды бір тауы нән даланың,
Алып кетті сұм ажал арбағанын.
Көзден ғайып болса көңілінде,
Құлағында қазақтың самғаған үн.
Күнің барма сұм тағдыр басынбайтын,
Майданың жоқ ажалға шақырмайтын.
Неге?!
Неге?!
Неліктен бізді шіркін
Тамсандырып қоясың, татырмайсың?!
Қазағымның қалмады-ау сор-батпаны,
Қай жебесін тұр тағдыр толғап тағы.
Қасиетті ордаға еңсе берген,
Бір уығы шарт сынды жел жақтағы.


ІІ
Жиырма тоғыз жастасың, жиырма тоғыз,
Сол шағыңда айналды-ау құйға теңіз.
Төлегенді жалмаған жиырма тоғыз,
Сені әкетті, біз қалдық сыйға семіз.
Біз алданғыш халықпыз қолда барда,
Қарамаймыз шаңға да қонған арға.
Қара түнек басқа кеп орнағанда,
Оянамыз апыр-ау сорлағанда.
Тағы да ертең қалғимыз, селт етпейміз,
Мықтымызды тынбаймыз мерт етпей біз.
«Біз неге осы» жарандар жаны жұқа,
аяқталмас әлемге ертектейміз?!..



1 қараша 2004ж




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу