Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  100


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Мен жоқпын

Мен жоқпын қалқам,
Құйынға айналғам,
Болмаса бұлт боп қиырға айдалғам.
Босқын өмірде болмысы қалмай,
Мен тек елеспін миыңда айналған.
Мен жоқпын қалқам,
Жатқа айналғанмын,
Қиянда қиын шаққа айналғанмын.
Арнамды тауып ақпай қалғанмын,
Аптапқа қарылып қаққа айналғанмын.
Сіңісіп кеткем қырға сағым боп,
Ғайыпқа айналғам сұлбасы аңыз боп.
Көкжиекке кіріп жасырынғанмын,
Ай батқан кезде сырласамыз деп.
Мен жоқпын қалқам –
Мені іздемегін,
Безінгем бөтен,
Тапқанмын мәңгі төзімнен мекен.
Мені іздемегін, таба алмайсың,
Ғасырлар өткен соң өзім келмесем...



21 мамыр 2004ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу