Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  59


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Пендешілік

Мен қазір қалқам сенімнен жерідім,
Кедейдің жоқшылыққа желінген жеңімін.
Мазасыз қоғамға мазаққа айналып,
Өмірдің бағдарсыз тебілген добымын.
Қаңбағымын гүлдер өскен қырлардың,
Қан дағымын мүлдем өшкен нұрлардың.
Жұртта ұлып қалған ашыққан күшікпін,
Көшіне ере алмай көшкен жылдардың.
Адасқан өмірдің жарым жолынан,
Жабымын қасқырдан жанын қорыған.
Жұтаған ойдан жұрдай ғып тұрып,
Жерлеген жанмын арын қолынан.
Сарыққан сандалмын сілемді жыртып,
Қу жалған шайнап жіберді бүркіп.
Намысты нанға айырбастағам,
Жеті атасымен жігерді құртып.
Жападан-жалғыз қызынып табаным,
Аяқталмастай шұбырып барамын.
Жығылып жатып қисайғанға күлетін,
Мен пенде деген құбыжық боламын...



15 мамыр 2004ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу