Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  88


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Кірмелерге

Жерімді басып жүргендер,
Туырлығымды тілгендер,
Шаңырағымды шайқалтып,
Ін қазып кірген іргемнен.
Бәсіремді салып бөліске,
Бар байлығымды бүргендер,
Тілімді тастап тамұққа,
Тірлігімді ерттеп мінгендер.
Зарлатып қойып қазақты,
Миықтарынан күлгендер.
Қара бастарын хан көріп,
Қазақтарымды құл көрген.
Босқын боп келіп бетпақтан,
Бай болып алған бірдемде...
Өзгенің алып үлесін,
Өзі үшін өмір сүргендер.
Бұздың-ау келіп шырқымды,
Суыққа салып сұрқыңды.
Доңыздай мойның бұрылмай,
Көрсетіп елге сыртыңды,
Азуың алты қарыс боп,
Қанына малып мұртыңды.
Танауларың талыс боп,
Толтырып майға ұртыңды,


Ордамды ойран еттің де,
Былғадың келіп жұртымды.
Қыл мойынымнан құрық сап,
Құртпақ па едіңдер ұрқымды.
Төрімнен көрге сүйретіп,
Қабырғаларымды күйретіп.
Сұмдықтарыңды түйретіп,
Келтірмей кербез күйге түк.
Аюдай едім тауымда,
Таяқпен кеттің үйретіп.
Қаламды талқан еттіңдер,
Даламды тарқан еттіңдер.
Уларыңды да септіңдер,
Құр қалардайын жеттіңдер.
Жерімді тартып алдыңдар,
Елімді зарлы еттіңдер.
Ал бүгін тұрдым орнымнан,
Бастаймын енді зор думан.
Қара бастарың қақырап,
Құриды күнің қор қылған,
Бар қазақтың баласы,
Астында тудың қор құрған,
Ғасырдың басып дәу белін,
Қасиеттілікті жол қылғам.
Бірлікпен һәм ерлікпен,
Арманның құсын қондырғам.
Қайқаям өрге мен солай,
Сүмеңдерсіңдер соңымнан!!!



15 наурыз 2004ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу