Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  111


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Сені көрсем

Сен көркіңе сөз жетпес пері мүсін,
Адалдықтың ақ туған серігісің.
Сағынышың санаңда сап түзеген,
Сахарамның секемшіл елігісің.
Сен аққудың ең аппақ мамығысың,
Сен пәк күннің ең нұрлы жарығысың.
Боз далада көңілім бозіңген ед,
Боз торғайдың бітпеген зарығысың.
Сен сұңқардың тұңғиық жанарысың,
Табиғаттың тамбаған назарысың.
Ақтығынан аумаған аққайыңсың,
Қарғалдақтың шыңдағы жамалысың.
Сырлы айдынның самғаған сен нұрысың,
Ақ жаңбырдың ағылған сел жырысың.
Тамшысына теңіз де татымайтын,
Тұп - тұнық тұмалардың мөлдірісің.
Сен сұлусың, сырлысың, сырғалысың,
Сындар бойлы, тоқ бұрым, сымдай мүсін.
Тылсым сыңғыр үндерің разы еткен,
Риясыз романтика ырғағысың.


Еркін өмір емізген еркелігін,
Мен тілеген өмірлік сен серігім.
Елбіреген көзіңмен есімді алған,
Ару көркі сенде бар ертегінің.
Сені көрсем ашылып түн қабағы,
Қара тастан ғажайып нұр жанады.
Шөл даладан бұрқырап бұлақ атып,
Қурап қалған ағаштар бүр жарады...



20 қазан 2002 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу