Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  77


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Қойшы жыры

Мен қойшымын елге есімі ұғымсыз,
Өмірді білмеймін еш ұғымыңсыз.
Үрейлі түндерде күзетте тұрам,
Ғарыштарға да тесіліп үнсіз.
Айқайдан тау мен жаңғырады аңғар,
Сол үннен тайсап абдырап аңдар.
Мен үшін әсте бұйым есепсіз,
Бөрілі түндер мен қарлы борандар.
Басқанда қатал тағдыр күйіне,
Ғаламға дейсің мәңгі кім ие.
Құба құм дала күңіреніп жатады,
Байғыз үнімен зарлы дүние.
Кей кезде көркем керіліп өңір,
Кеткенде кешем серілік өмір.
Сайын далада сағым жортқанда,
Ап бара жатады мені бірге нұр.
Жалғасып жатар әнім таңға алғы,
Айықтырамын жабырқау хәлді.
Желменен жалғыз жолдаймын сәлем,
Сары жонда жүріп сағынсам жарды.


Бөлініп көрмедім думанды ортадан,
Құмармын құзар шыңдар мен саған.
Құздарға салып шыңдадың өзің,
Өкпем жоқ титтей туған жер саған.
Жасыл шар бозға өзгеріп барады,
Ойласаң жасың көзге лық толады.
Табиғат ана зар жұтты бүгін,
Адамның санасын езбелік тонады.
Көңілге көктем сәнін сызбаған,
Жігерсіздерге жаның сызданар.
Реңсіз өмір жатады сөніп,
Алысты көрмей жалынсыз жанар.
Өткізсем де үнсіз ақпа ғұмырды,
Аңсаймын мәңгі ақ таңды нұрлы.
Кім білсін менің аңқау әлемге,
Тыныштық тілеп жатқандығымды.
Ақ қарға оранған ақпан мұңымды…
Мен қойшымын…



10 желтоқсан 2000 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу