Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  84


Автор: Ермұрат Зейіпхан

Сізді сағынып, отырмын, тағы таң атады...

І
Сізді сағынып, отырмын, тағы таң атады.
Айды жасырып, Алатау шалқаяды.
Көңіл құрғырды-ай, қайтсе жай табады,
Марқаяды, ортаяды.
Сізді сағынып отырмын, бәрі де алшақта,
Қанат бер тәңірім, әнімді шаршатпа.
Айналған өмірдің мәніне әр шақта,
Сағындым, жетейін, басайын қамшы атқа.
Сізді сағынып отырмын, қаламым –
саусағым,
Тағдырың – тартынба қадамым, аусарым.
Ұзақ жол бұйырған – татарым, таусарым –
Шалабын, шарабын, кәусарын.
Сізді сағынып отырмын, табынтар
бағалым,
Бұл жақта жазғаны – маңым тар, нала-мұң.
Кеңдігі жақсы екен сабылтар даланың,
Сағынса өзіңдей – сағынтар адамың.
Сізді сағынып отырмын!
ІІ
Дей алмай айналайын, қарағым-ау,
Іздеп келіп, іздеп кетіп барамын-ау!
Сіз деп келіп, сіз деп кетіп барамын-ау!
Мен затында аусар ма ем, қара, мынау...
Іштен жағып тауысар ма ең алаңым-ау!
Іздеп келіп, іздеп кетіп барамын-ау...
Бұл жүрек – от емес пе, мұзың емес,
Есігіңнен енеді – бұзып елес...
Қызық болды демеспін, қызық емес!
Жазға жаттық көрсетер күзің емес,
Тауып жүрмін сол жанның ізінен ес!
Бұл жүрек өрт емес пе, мұзың емес.
Ақ жүзіңіз мына жақ, ана жақтан,
Нұр төгеді алаудай жаңа жаққан.
Шын сүйемін, бірақ та, шара жоқтан:
Іздеп келіп, іздеп кетіп бара жатқан,
Сіз деп келіп, сіз деп кетіп бара жатқан.
...Шара жоқтан!
Сол жанға мүсіркей бір қарады ақ таң.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу