Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  82


Автор: Ермұрат Зейіпхан

Сары мұң тілді саксофон...

Сары мұң тілді саксофон,
Құйқылжытып жетті құлаққа.
Сарғайған күндер өтсе екен,
Жандыра бермей бұл отқа.
Көмескілеу, қызғылтым,
Ашына сәуле сиқырлы.
Қызғылтым балтыр, қыз-қырқын,
Қоздырып әлек құлқынды.
Түтіннен шуда өреді,
Қыналы тырнақ, гүл ерін.
Шарап толы көзені,
Көп босаттым, білемін.
Шырмап алған сананы,
Әуен – әйел тәні ме ең.
Танармын естен сан әлі,
Нәпсінің у, зәрінен.
Саксофон ғажап мақамың,
Тыңдаған жүрек қабынар.
Атағың мен сақалың
Айтқаныңа бағынар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу