Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  74


Автор: Ермұрат Зейіпхан

Соңғы жаққан бір шырағым тым әлсіз...

Соңғы жаққан бір шырағым тым әлсіз,
Өршітуге мен мүдделі,
Өшіруге құмар сіз.
Пейіліңіз мұнар, сыз,
Мейіріңіз құнарсыз.
Өлеусіреп сөнер еді соңғы үміт,
Сіз тұрасыз сол, күліп...
Сор қамаған жанды жаншу сорлылық!
Деп тістермін тілімді,
Ет жүрекке қалай бұққан доң қылық.
Тағдырым да бетін басты табаңнан...
Жалғыз ұшқын алып шықты табаннан.
Тағы үміт, тағы арман...
Тіршілікке көз тоймады – қалай-қалай жаңарған?!
Қайта тұрып мына өмірге,
Келгендеймін моламнан.
Иә, Сізді көрдім, көргенім...
Әлсіз шырақ жағыпсыз сіз,
Қас дұшпанның ермегі.
Сіз қорғаштап ұмтылғанда...
(Өткендегі тап мендей),
Біліп тұрмын –
Еш боларын еңбегі.
Не істейін? Мазақтайын табалап,
Азаптайын, лайықсыз ғой соған, ә!
Жоқ – дедім мен, – сөндірмеңдер жарығын!
Сөндірмеңіз үмітті?!
Қас жауының жолын кестім, ал оның
Айналасы жарық төккен самала,
Ұшып жүрді пәруана, күйік қанат шағала!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу