Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  65


Автор: Ермұрат Зейіпхан

Талай тасыдық, төгілдік...

Талай тасыдық, төгілдік,
Таңдауы ма еді өмірдің.
Талай жасыдық, сөгілдік,
Алдауы ма еді көңілдің?
Талай талайға жазғанды,
Тамсана көрдік, көндік те.
Озған да тозған әз жанды,
Беретін кезде бердік те.
Барады ез, барады ер,
Адыра қалып той мына,
Жиіркенсе де қара жер,
Алады екен қойнына.
Қысқа күн қырық құбылған,
Мазағы алып мазаны.
Қызынған жанды қуырған,
Қалауың емес қазаны.
Үміттерімді түн тіліп,
Ой, өріс байсал тартып тұр.
Кім еді ей, жүрген... тімтініп?
Мазасыз күйге малтыққыр!
Мейлі ғой, мейлі, мейлісі-ақ,
Мұнысы енді ұнайды.
Дейді де – тәубе, бер нысап,
Кеудеге басы құлайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу