Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  95


Автор: Ермұрат Зейіпхан

ЖАТАҚХАНА – ҚАЗАҚТЫҢ КӨРІ...

Шағын бөлме, шақша басты сидырмай,
Кебежедей балконға өтем, дала ғой.
Әрең табам, бірен-саран жұлдыздар,
Бұлдырларда бұлдыр тағдыр салады ой.
Қол жетерде мүлгіп емен, тынық түн,
Панасында күйсіз жетім қарттар жүр.
Онан әрі көз салуға құнықтым,
Төрт бөлмеде, төрт терезе, төрт тағдыр.
Біріншісін – туған күн ғой деп түйдім,
Үстел майлы, жұрт көңілді мәз-мейрам.
Екіншіде – сом жұдырық кеп тиді,
Қыз құлады, шағын бөлме киді ойран.
Үшіншіде – жаңа анадан туғандай,
Ер мен әйел кірісіпті... белсеніп.
Ал төртінші бөлмедегі сормаңдай
Асылып тұр қақ төрінде теңселіп.
Жүрек сыздап атып кірдім бөлмеге,
Көресің-ау, төзесің-ау жан мұндар.
Алматыда жатақ деген көрмеде –
Қас-қағымда өтер солай тағдырлар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу