Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  67


Автор: Ермұрат Зейіпхан

ҮШБУРЫЛЫМ

Қас, Күнес, Текес –
Менің Үшбурылым,
Арыны басылмайтын ұшқыр үнің!
Көз алдымда буалдыр тартты неге,
Кешегі өткел бермес күштілігің?!
Сақ сағалап, сармайдай сақтаған жер,
Қарсақ аулап, жаубүйрек қақтаған жер.
Асанқайғы қапысыз мақтаған жер,
Желмаясы жай маңып, оттаған жер!..
Елдігін де, ерлігін сақтаған жер,
Аруларын маңдайға қақпаған жер,
Шежіресін халқының шеру тартқан,
Мақтанышпен ұрпағы жаттаған жер!
Жоңғар жортып, ту тігіп жатпаған жер,
Шүршіт қорқып, қайтадан баспаған жер...
Жанын беріп, батыры жақтаған жер!..
Тәңірім көңіл қойып баптаған жер!..
Түз қыраны тексізге алдырмас жер,
Асаулары ер-тұрман салдырмас жер!..
Арулары жат ойын болдырмас жер!..
Қайта-қайта еске алмай қалдырмас жер!..
Күмбір-күмбір шертілген домбыра жер,
Күнесі қалған байлық, мол мұра дер!..
Текес пен Қас тұнығын сүзіп ішпей,
Бақ жұлдызын қалайша жандырар ер?!
Кешегідей күркіреп, жаңғыра гөр!..
Келіп жатыр басынып келетіндер,
Көздің жасы еңіреп, төгетін жер.
Аты мен заты өзгеріп күннен күнге,
Өзгергенін шыққыр көз, көретін жер!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу