Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  78


Автор: Ермұрат Зейіпхан

Ісімде де...

Ісімде де,
Түсімде де маза жоқ.
Тысымда да,
Ішімде де маза жоқ.
Мандымай қалғыр тірлікте мынау,
Мазасыздықтан асқан жаза жоқ!
Азады жаның арқалап жүрсе азап – ар,
Қаза бар жерде,
Қасиетсіздерге қаза жоқ.
Асау арманның жалына қанша жабыстым,
Жарыстым желмен,
Шаңдатып қия, жар үстін.
Табыстым таңмен,
Талдым да кештім әл үстін,
Жемісін аңсап алыстың қанша алыстым!
Қарыстың сен де,
Мен дағы қайтпай қарыстым.
Қалысқым келмей,
Қасиетіңменен қабыстым.
Өлшемді өмір,
Өлшеулі бәрі әу баста,
Жау, қаста дағы,
Тірлік жоқ тыныш, дау қаста.
Бозторғай, бұлбұл, бақаның әні әр басқа,
Ал мен – жеті музасы ояу марқасқа.
Мазасыздығым –
Соңыңнан ердім ал, баста!
Ғажап қой шіркін,
Арманға – арман,
Ән қосса.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу