Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  54


Автор: Ермұрат Зейіпхан

Түсiнбедiң-ау!

Түсiнбедiң-ау!
Жанымды жалдағаным,
Жағымды жарлағаным,
Алдаған, арбағаным,
Барлаған, бармағаным,
Аларды алмағаным –
Өлеңiм үшiн едi!
Түсiнбедiң-ау!
Бiреудi сүйе алмасам,
Басымды ие алмасам,
Ортаға сия алмасам,
Өзiмдi жиi алдасам,
Есiмдi жия алмасам –
Өлеңiм үшiн едi!
Түсiнбедiң-ау!
Арманды адыра етсем,
Маңымды дабыра етсем,
Жоқ жерден табыла кетсем,
Барымнан арыла кетсем,
Екiге жарыла кетсем –
Өлеңiм үшiн едi!
Түсiнбедiң-ау!..
Түсiнбедiң-ау!
Болғаны түн құмардың,
Толғағы мұң мұнардың,
Мазағы тұрғылардың:
Жындысы – жындылардың,
Түп тегi – құмардың,
Құндысы – құндылардың –
Өлеңiм үшiн едi!..
Бәрi де өлеңiм үшiн едi!
Түсiнбедiң-ау!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу