Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  72


Автор: Ермұрат Зейіпхан

Жұта ма көңiлiм жұта ма!

Жұта ма көңiлiм жұта ма!
Асылдан қалған жұқана,
Төзiмiң сондай жұқа ма?!
Қасiрет қылғып, жұтама...
Жұта ма көңiлiм, жұта ма.
Аруақты бабаң ұмыта ма,
Бабаны ұмытқан ұта ма.
Қорғалар торғай бұтаға,
Торғайға бұта – құт ана,
Жалғанда оны ұмыта ма?
Тiрлiкте бәрi болмай ма,
Өр қайда, деме төр, қайда?
Болжай да бiлсең – көп жайға,
Арыған көңiлiң толмай ма,
Тiрлiкте бәрi болмай ма...
Қомсынба өзiңдi, қол жай ма!
Алдай ма өмiр, балдай ма?
Жағаңнан бiрде алмай ма.
Сытылып шығар хал қайда,
Тағдырын сонда қарғай ма,
Қарғанған тал қармай ма?..
Серпiлгiн көңiлiм серпiлгiн,
Көзiмнен неге сел тұрдың?!
Көңiлiм неге желпiндiң?
Тiлек тiлеп мен тұрмын:
Кеткенiмдi – келтiргін,
Кетiлгенiмдi толтырғын
Нәрленген дала, құрақ, тал,
Бұлақ бал, дара – мұраттар!
Бәрiне бар бiр-ақ жар!
Субуһан Алла – қуат, нәр!
Әумин Аллаһу Акбар!
Әумин Аллаһу Акбар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу