Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  430


Автор: Толқын Қабылша

АДАЛДЫҚ ПА ЕСІМІҢ?

Аспаныма жазып кеткен кесімін,
Адалдық па сенің аппақ есімің?
Мендік болмыс, өзгермейді ол, нәзіктік,
Мендік болмыс, құбылмайды ол, кешірім.
Байқадың ба, арманымның қанатын?
Қанатыма кедергі емес қара түн.
Түн көгінде жарық көрсең, ол менмін,
Сағыныштан шамшырақ боп жанатын.
Сезесің бе, тазалықты мендегі?
Саф сезімді?
Сақтап тұрған кеудені?
Бір еркелік елжіресе көзімнен,
Сені аңсаған ғажайып қой жердегі.
Сенің барың, сүйеніштей жаныма,
Сенің барың, сүйеніштей арыма.
Қажет емес, сүйінгенің, сүйгенің,
Қона алмайтын құстай алақаныма.
Адалдық қой, сенің аппақ есімің!
Адалдықты сүйіп өтсем, несі мін?!
Менің атым, сол баяғы Сағыныш,
Менің атым, сол баяғы Кешірім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Абзал
Абзал 08.09.2022 17:57
Адалдық қой сенің аппақ есімің! Жырлай берші ғаламды!

Пікір жазу