Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  93


Автор: Толқын Қабылша

«ҚЫРАННЫҢ МҰҢЫН АҢСАДЫМ»

Қанатын қағып жыр құстың
Самғауды қайта аңсадым ба екен,
мұң құштым.
Санамда қалған сағынышымнан жасқандым,
Тартқандай тағдыр тұңғыш сын.
Ғұмыр кешсем де жырақ тым.
Алаңсыз шолар асқарын мендік мұраттың.
Қиялым бар-тын,
Оны да құзға құлаттым...
Қасқайып тұрып, көкжиектерден күрсінген
Қыранның мұңын ұнаттым.
Көгімде арман қанша мың.
Санамнан сызып, сан түрлі ойдың сарсаңын
Аласармауды аңсадым.
Ақ сауыр бұлттан ақ жауын болып себелеп,
Қандырсам таңның аңсарын.
Өлең боп сосын,
Өмірдің өзін жырласам.
Мойын берместен мұңға сан.
Ынтызар болған екеудің жанын жылытып,
Ұйқысын үнсіз ұрласам.
Жақұт боп жерге төгілген.
Самала шашсам, жұлдыздай жарық көгімнен.
Осынау арман аялар болса, бір сәтке
Көбесі мұңның сөгілген.
Қыран да емен,
Қиясын шолар аспанның,
Жұлдыз болар ем, ағып түсуден жасқандым.
Өлең боп қана, кіршіксіз ғұмыр кешейін,
Жібітіп жанын тастардың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу