Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  49


Автор: Толқын Қабылша

ЕТПЕГЕЙ ЕНДІ АСЫЛЫҚ!

Қанатын қақса,
Қазақтың қайсар құстары,
Күдік туғызбас шыңдарды көздеп ұшқаны.
Қас пенен көздің арасы сынды қашықтық,
Құладүздер мен құбабелдерді құшқаным.
Қас-қағым сәтте,
Қаракөз үміт ақталып.
Құлагер аттай қадамдар бастық шаққа нық.
Көре алмағанның қаскөй ниеті көкке ұшып,
Қылкөпірлерден қаперсіз өттік, бақ дарып
Аманатымды
Алатаңдардан арқалап.
Аласұрғанда, ақиқат тұрды анталап.
Азаншы сынды ах ұрып айтқан арманның,
Айна-қатесіз куәсі мына шартарап.
Сары алтын күнмен
Сарыарқам қайта жаңғырып,
Сан ұлттар шертті, қазақтың жырын таңға ұрып.
Самсаған қолдың сарқылышындай жарқырап,
Сардалам жатыр көркімен сомдап сан қылық.
Тәуелсіз елдің,
Тарихы тасқа басылып.
Танымағандар, таңдайын қақты бас ұрып.
Тұяғы бүтін тұлпардың тілеп саулығын
Тәубе дескендер, етпегей енді асылық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу