Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  116


Автор: Толқын Қабылша

АМАНАТ

Азаттық аңсап ақ таңнан,
Ах ұрып жеткен аманат.
Өтінде желдің сақталғам,
Өткенге енді салауат.
Талай да талай от кештік,
Тәу етіп тұрып жалғанға.
Тәңірдің өзін жоқ дестік,
Тағдырым басқа салғанда.
Тақсіретінде зар-мұңның,
Таптаурын болып басылып
Тастүлектейін сан ұлдың,
Сүйегі қалды шашылып.
Тартса да талай тауқымет
Тарихтың ұлы көшінде,
Тағдырым менің – жаужүрек
Тұлпар боп шапқан төсіңде
Тәу етем бүгін Тәңірге,
Тәуелсіздігім – байлығым!
Тәубесін айтқан өңірге,
Төгеді күн мен ай нұрын.
Көк жүзін құшып, қалықтап,
Қыран боп қанша самғадым.
Құдірет құйған қалып па?
Қанағатымнан танбадым.
Қасиетім бар қанымда,
Қазынам менің – жомарт күн.
Қазақтың намыс-арында,
Құрыштай күші болаттың.
Бойтұмарымдай туған тіл
Баянды бақтың өлшемі.
Болсыншы дәйім туған ел,
Егемендігің – еңселі
Қойнауы толы құт-мекен,
Халқыма өзің сая бақ!
Ұлтымның ұлы үміті
Ұлықтай ұлға аманат!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу