Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  61


Автор: Толқын Қабылша

Тәрк еткен соң...

Тәрк еткен соң,
тілектің тамашасын.
Тағдыр ғой деп несіне таласасың?
Тау бөктерін есімің жаңғыртса да,
Тәңір исе басыңды аласасың.
Аласасың!
Несіне таласаcың?
Ах ұр мейлі, табылмас арашашың.
Ар мұраты болмаса – Темірқазық,
Ай астында жүріп-ақ, адасасың.
Адасасың.
Бақ іздеп тау асасың.
Алла еткен әмірмен санасасың.
Абақтыда баз кешкен әз-жаныңмен
Аласұрған бақсыдай бал ашасың.
Тағдырыңмен
тағы да таласасың.
Таңсәрінің тосасың тамашасын
Танымаған тәңірге тілек қосып,
Тамұқ түннің сипайсың қара шашын,
Пенде солай,
Үмітін үзбек емес.
Пайымынан парасат іздеп елес.
Патша көңіл сән құрған сарайыңда,
Парықсыздық болса егер жүздеп егес.
Адам болып туған соң
Аласарма!
Аласа ой мен асқақ мұң таласар ма?!
Алла берген ғұмырды адал сүргін,
Аманатты ұмытпа, таң асарда!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу