Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  86


Автор: Толқын Қабылша

Көкжал толқын көбік атса жағаға...

Көкжал толқын көбік атса жағаға,
Дариясы сағыныштан тербелген,
Айдынында қиқу салған шағала.
Бұл өлкеде ғажайып бар мен көрген.
Мекендеген сұлу Сырдың сағасын.
Құтты қоныс,
талайларға аңыз-ды.
Жаратқанмен тапқан ұлы жарасым,
Адамдары пейілі құт, жаны ізгі.
Тұл бойында тұнып жатқан бар асыл,
Сүлейлердің ізі қалған бұл қала.
Ғанибеті ғарышпенен таласып,
Мына әлемге көз тігеді нұрлана.
Бұл өлкеде менің, сенің даңқың бар.
Іздеп қайтем кереметін сан елдің?
Күн туғанда жай отындай жарқылдар,
Жанарыңда жарқылы бар әлемнің.
Туған өлке!
Сен деп талай сенделгем,
Толқының боп тулап сенің жағаңда.
Қанымдағы қара өлеңмен сен берген,
Әз-атыңды танытамын ғаламға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу