Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  78


Автор: Толқын Қабылша

«КҮЗ КЕУДЕ»

Сен келер деп, Үмітімді үзбеумен,
Ай астында тек өзіңді іздеумен.
Сағыныштың сарқып ішіп бал дәмін,
Сарғаяды сенсіз менің күз кеудем.
Арманымдай,
Қол создырып алысқа.
Ғанибетім ғайып болған ғарышқа.
Аспан астын шарлап келем, шарқ ұрып,
Елеңдеп әр дауысқа.
Жұлдыз біткен,
Жұмбақ күйде жымыңдап.
Көз тігеді жанарымнан сыр ұрлап.
Жүрек үнсіз мұңаяды, жан сырын,
Тал қайыңға тағатсыздау сыбырлап.
Ынтызар ғып,
Күн секілді көздерің!
Ұмыттырды уайымын өзгенің
Сенсіз өмір мүмкін емес, сол үшін,
Сағыныштың азабына төзгенмін.
Жұмбағым-ау,
Жанымды өртеп, сырымды ал.
Ессіз деме,
ет-жүректе мұңым бар.
Жалын болып жана алмаған сәтімнің,
Жапырақтай жазықсыз бір жырын ал.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу