Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  80


Автор: Толқын Қабылша

ЖОҒАЛТҚЫМ КЕЛМЕЙДІ

Жоғалтқым келмейді екен,
жанымның шамшырағын.
Сол жаннан қуат алған, сан үміт, сан шыдамым.
Сәулесі ғұмыр төккен, күн сынды бір құдірет
Нұрымен оятады, мендегі жан шуағын.
Сол жаннан нәр аламын,
жап-жарық нұр төгемін.
Сол нұрдан, гүлге айналам, күн сүйген күлтелерін.
Содан соң, аспан болып, қараймын мына әлемге,
Жұлдыз боп жымың қағып, жеткізем түн дерегін.
Түн болып, сыбыр қағып,
куә боп сан қызыққа,
Әп -сәтте айналамын, ең нәзік таңғы шыққа,
Ақ таң боп аймалаймын, алғаусыз үміттерді,
Жаныммен қарсы тұрам, жалқы мұң-жалғыздыққа.
Тәңірім, байқадың ба,
Мендегі қуат қандай?!
Мөлдіреп жан сезімім, ең таза бұлақтардай,
Мен мына әлем үшін, пәктіктің өзі болам,
Осынау сезім барда, күн кешем түк ақталмай.
Ендеше, берші мұрсат,
сүйгенге, сүймегенге...
Мен мына ғалам сырын, өзіңнен үйренем де,
Жарқырап ғұмыр кешем, ғажайып ертең үшін,
Ең ұлы үміт болам, әз жаны күйрегенге.
Ең сұлу сезім болам, сүйгенге, сүймегенге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу