Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  78


Автор: Толқын Қабылша

Құлағыңда қалды ма екен...

Құлағыңда қалды ма екен,
мендік нәзік сыңғыр үн?
Сыңғыр-сыңғыр күлуші едім,
Сезбейсің бе? мұңдымын.
Жүрек шіркін, күй шертетін,
шанағында сағыныш,
Әттең, әттең, ұға алмапсың,
көңілімнің күмбірін.
Құлағыңда қалса деуші ем,
менің жырым, әуенім!
Менің жырым, тамылжытып,
тәнті ететін тау елін.
Өлеңімде өзің кешкен ғұмыр барды,
ұқпапсың,
Селт еткізбей, сор мен бақты,
қатар құшқан әлемім.
Сені іздейтін жанарыма,
сыйдырып ап жер бетін,
Көздеріңді тұрса деп ем,
нұрға толы келбетім,
Көк бұлттардың арасынан,
қолым созсам, жетпеген,
Сәулең ғана жүрегімде,
күн дидарлы өзге тым.
Аппақ-аппақ аңсарымды,
қою түнге жасырып,
Ай күледі, аспанымның
ақ мойнына асылып.
Күнге айналған ғұмырыммен,
күнәдан пәк мен келем,
Сен де бір күн, келермісің?
мендік мұңға бас ұрып?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу