Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  57


Автор: Толқын Қабылша

Сүйдім де сені…

Сүйдім де сені…
жанымды мұңға орадым.
Тағдырдың сезбей тасқыны, қарлы боранын,
Сүйдім де сені, сертімнен сендік танбадым,
Тұрағым еттім, тоғыз бір жолдың торабын.
Сағындым сені,
сағыныш сезім селдетті.
Жүрегім кезді жаңылмай іздеп жер көкті.
Сағынып сені, сарғайған сансыз кештерде,
Сен болып маған сағыныш өзі сел төкті.
Сездің бе соны?
сағым боп ұшқан ақ құсым!
Тамсантып өскен таңқурай сынды тәттісің.
Жадымда мәңгі жылулық төккен жанарың,
Қайранмын, қалай қара тас сынды қаттысың?
Сүйемін әлі,
сүюден бір сәт танбағам.
Көңіл ме құрғыр, құмардан шығып қанбаған?
Сүйемін әлі, сол үшін жаным жазықты,
Жазықсыз бірақ, жүрекпен қалай жан бағам?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу