Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  92


Автор: Толқын Қабылша

КҮН КЕШЕМІН АҚЫН БОП

Аққа қара жұқпайтынын ұқтырып,
Көздерімде мөлтілдей ме шық тұнық?
Жазмышына жылап тұрып, дат айтқан,
Менің сүрген әр мезетім – мықтылық.
Бір бақыттың ұстасам деп баянын,
Дұшпанның да әлсіз тұсын аядым,
Дауылдарға қарсы тұрдым қасқайып,
Телегейге тартса-дағы қай ағын.
Мынау нәзік болмысыммен шарқ ұрып,
Мұқалмадым, қалсын мейлі жарты үміт,
Шыңырауға шың көзімен қарадым,
Теперішін тағдырымның тәнті ғып.
Тұл бойымнан тектіліктің исі аңқып,
Кеудемдегі күмбір қақты күй сандық.
Қиналғанда қалам құшқан қолдарым,
Қайтем енді, ғұмыр гүлін жиса артық.
Беу, дүние, болса-дағы датың көп,
Кінәлай бер, қаралауға хақың жоқ.
Аяқ асты ете алмайтын арманын,
Күн кешемін, әйел емес, ақын боп.
* * *
Сағынышыммен өлермен,
Сағынбай сені күн кештім десем,
сенер ме ең?
Сарытап болған сезімнің сырын ұғынып,
Жаныңнан шуақ төгер ме ең?
Жып-жылы нұрмен жанымды үнсіз жұбатып,
Шашымнан ғана өбер ме ең?
Иіскеп сосын,
иілген іңкәр маңдайдан,
Сап-сары мұңнан сарғайған,
Суық күздегі жапырақтайын жанымды,
Аялар ма едің, ай-қайдам?
Арманым үшін, аппақ жырыңмен уатып,
Нұр төгер ме едің таңдайдан?
Жоқ, әлде, үркіп,
Шалатын жандай шалғайдан,
Итерер ме едің,
Ұғынар ма едің, жан қайран.
Өкінішсіз-ақ оқ атып кете берер ме ең?
Осы деп ғұмыр қан майдан.
Өзіңе ғана иілген іңкәр сезімге,
Дәрменсіз екем,
бар ма айлаң?
* * *
Қарашықта жасырынып келбетiң,
Тынысынды сезетiнмiн жырақтан.
Кейде жоқты аңсайды ма пенде тым?
Кейде жаным калжырай ма сұрақтан?
Барсың ба өзi?
Елессiң бе?
Кiмсiң сен?
Ақ бұлттардың iшiнде ме мекенiң?
Күмiлжисiң, күн астында күрсiнсем,
Қолым созсам,
Кайда, қашан жетемiн?
Көк аспанда қанатымды талдырып,
Қалықтаған сәттерiм көп.
Құшпадың.
Қауырсынды жай отына шалдырып,
Кiмге керек,
Ендiгi iздеп ұшқаным.
Рухың ғана сыбырлайды санамда,
«Әлде бiр күн,
Кезiгемiз.
Кетпе деп»
Сағыныштан сыймай мына ғаламға,
Елесiң жүр,
Екеумiзге өкпелеп




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу