Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  80


Автор: Толқын Қабылша

СЕНІҢ АТЫҢ – САҒЫНЫШ

Іздеген кім,
ол күндердің дерегін.
Естілмейді ерке күлкім,
ерек үн.
Ең аяулы мезеттердің жоғалған,
Екеуміз де сұрамадық себебін.
Екеуміз де үнсіздікке байландық,
Бір үміттің талғажау ғып қорегін.
Тəрк еттік те,
Ғажайыптың барлығын,
Сен де,
Мен де құлатпадық ар жүгін.
Жанарымнан төгілсе де бар мұңым,
Жүрек дейтін жалғызыма сыбырлап,
Жаратқанның құлай сүйдім жарлығын.
Сен бе, мен бе,
жете алмаған байыпқа?
Тағдырымды шын ұнаттым, айып па?
Жазмышымдай менің жұмбақ шешімім,
Қиянаттай сенің қатал кесімің,
Тіл қата алмай,
Қол бұлғадым ғайыпқа.
Бұл күндері
Сенің атың – сағыныш,
Тербетілген «ғұмыр» атты қайықта…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу