Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  69


Автор: Толқын Қабылша

CАҒЫНҒАНЫМ – ЖАЗЫҒЫМ!

Сағындым ба?
сонау күзгі қаз үнін.
Сұп-сұр мынау әлемімнен қажыдым,
Саған жетпес құштарымдай шертілген,
Әуенін-ай, мына көктем сазының.
Маңдайымнан сүйсін қанша жарық күн,
Сенсіз осы сергелдеңнен жалықтым,
Мағынасыз мезеттерге тоналған,
Күлкімнен де құлазыған хәл ұқтым.
Жапырақтың жанарында үзілген,
Тамшыларда тағдырым жүр түзілген.
Сенсіз сүрген шаттығымның жасанды,
Торлап алды көздерін мұң, жүзін мең.
Сағынғаным,
болар, мейлі жазығым,
Аңсарым-ай, сенде бәлкім, қажыдың?
Аспан астын қайтайықшы, бір байқап,
Естиікші, сонау кешкі қаз үнін.
Барлығына болса-дағы кеш бүгін,
Келеді екен дауысыңды естігім.
Қапияда қалайық та кезігіп,
Қол ұстасып қайтайықшы кешқұрым.
Қайдасың?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу