Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  63


Автор: Толқын Қабылша

КІМ БІЛСІН?!

Үнсіздіктің ұлылығын ұқтырып,
Жанарларға сағыныштан шық тұнып.
Әр күн сайын,
Бақыт кейпін безбендеп,
Ғұмыр кешу –
бәлкім, біздің мықтылық?
Ақиқатқа жазмыштағы бас ұрып,
Аңсағанын ақша бұлттан жасырып.
Біздің бақыт,
кезікпеген күндер ме?
Тәңіріне жасай алмай асылық.
Жалқылығы жұбата алмай түнекті,
Аспанға айтып, жанды жеген тілекті.
Бәлкім, бақыт,
күнәсі жоқ түндер ме?
Жаныштайтын
Жазығы жоқ жүректі?
Базынасын батқан күнге ұқтырып,
Таң атқанда қарашыққа шық тұнып.
Терезесін күзету ме тірліктің?
Тағдырым деп,
маңдайдағы мықтылық.
Кім білсін?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу