Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  61


Автор: Толқын Қабылша

«САҒЫНЫШЫМНЫҢ ЖОҚ ШЕГІ»

Жүректен сезім,
санамнан өзің кеткелі,
Сұп-суық ойлар құшатын болды тек мені.
Өн-бойымдағы өлшеусіз мұңмен алыстым,
Өзіңсіз бақыт жоқ па еді?
Ақшаңқан аспан,
Керімсал Күн де көктегі.
Түнерген бұлттар, олар да маған өкпелі.
Биылғы көктем, төксе де қанша шуағын,
Қуанта алған жоқ мені.
Жалыным ғайып,
Мегзейсің маған от нені?
Сүймеген күндер, сәттерге жүрмін өкпелі.
Қоламтасында маздамай қалған шоқтаймын,
Сағынышымның жоқ шегі.
Қуанышым да,
қайғы-мұңым да өтпелі.
Сенім мен Сырдың иесі Тәңір көктегі,
Өткен күн елес,
келер күн жұмбақ, ал өмір –
үміт пен сенім өткелі.
Жүректі жырмен,
жанымды шермен толқытқан,
Өлең-ғұмырдың талқысы мұнша көп пе еді?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу