Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  142


Автор: Толқын Қабылша

КӨЗДЕР КЕЙДЕ, БІЗДЕН БАТЫЛ...

Жолайрықта жанарыңмен жолықтым.
Көздер кейде бізден батыл,
соны ұқтым.
Жанардағы сағынышты айтудан,
Сен жасқандың,
мен тағдырдан қорықтым.
Қанатына сағынышын байлаған,
Жыл құсындай,
неге мұнша торықтым?!.
Қыс мұңайып, көктем үміт үзгенмен,
Сені көрсем, сыздайды, – деп күз кеудем.
Жанарымыз аңсар құшып тілдесті,
Жалқы тамшы сырғанады көздерден.
«Өлең» дейтін аманатым болмаса,
Тәңіріне серт айтысып, сөз берген.
Тағдырымда ештеңе жоқ өзгерген.
– Жолайрықта жанарыңмен кездестім,
Керегі жоқ, сенен басқа, өзге ешкім! –
Қос қарашық дәл осылай тіл қатты,
Қимастық па?
Мұң кернеді, төзбес мұң.
Аспанымнан бұлт ауғандай бір сәтке,
Алқаракөк арманыммен үндестім.
Айтылмаған сырдың бәрі асыл ма?
Көздер кейде тым батылдау, расында!
Көктеменің нөсер жауған кешіндей,
Жанарымыз ұқсап тұрды жасынға.
Біз екеуміз үнсіздікте мұңайдық.
Сол үнсіздік татиды екен ғасырға.
* * *
Көздеріміз бізден батыл,
соны ұқтым…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Әсия
Әсия 23.11.2022 16:11
Өлеңдеріңіз өте әсерлі әрі шынайы!

Пікір жазу