Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  126


Автор: Толқын Қабылша

КӨЗ ЖАСЫН КҮН СҮЙЕТІН КӨКТЕММІН МЕН

Сыр іздеп өткен күннен,
кеткен күннен.
Күмілжіп,
кімге айтамын, өкпемді мен?
Күлкісі күрсінісін көлейгелеп,
Көз жасын күн сүйетін көктеммін мен.
Кім ұққан?
Жанымның бар арпалысын.
Кім ұқсын?
Жүрегімнің әр қағысын.
Мен мәңгі қарыздармын мына өлеңге,
Кеудемнің күліп атқан әр таңы үшін.
Аңсау мен жанды өртеген сағыныштың.
Сертімен сергелдеңнің,
Сабылыстың.
Жаңбырдай жауа алмайтын аласұрам,
Өртеген әр мезетте жалыны іштің.
Мен солай көктем болып күн кешемін.
Көк бұлтпен,
ақ жауынмен тілдесемін.
Жазмыштың маған қиған ғанибетін,
Ақын боп туылмасам білмес едім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Еламан
Еламан 15.12.2023 19:41
Өлеңдеріңіздегі ойлы сарын ұнайды! Өзгешесіз ғой...
Мақсат
Мақсат 08.09.2022 17:52
Толқын Қабылшаның жырларында өзгеше тереңдік бар. Ақын қыздың жырларынан өмірдің өзіндей шынайылықты көремін. Оқырманды баурап алатындай қуат бар, шуақ бар. Жазарың таусылмасын,қалқам!

Пікір жазу