07.09.2022
  115


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

ТҰТҚЫН

(Бабам – Өмірұлы Саңқай батырдың рухына
арнаймын)


Жетелеп үміт жолы өрге мені,
Көп болды туған жерді көрмегелі.
Көктемеде көлдерден қаз үркітіп,
Жайлаудың бүлдіргенін термегелі.
Жанымның төгілсе де жасы мұңды,
Өткен күн оралмасқа жасырынды...
Қырға шығып ойнасақ –
сұр мерген боп,
Күшік алып қашатын асығымды!..
Шаңдатып,
қара жолдың қара шаңын,
Қырда қалды күс табан бала шағым...
Тыңдаушы ек ауыз ашып ертегісін,
Шүйкедей сиыр баққан қара шалдың!
Шерткенде ол –
Қап тауының перілі елін,
Қиялдың қанатында тебірендім!
Жарықтық...
Топырағың торқа болғыр!
Құрдасы болған дейді серілердің.
Солардың жортпасам да қасына еріп,
Ерліктің алты малта асын бөліп,
Ақсақалын –
ҚАЗАҚТЫҢ сыйлап өстік,
Сол шалдың шоқпар жарған басын көріп!
«Жалғанның жартысындай дала мына!..
Ерлердің борышты... – деп, садағына!»
Қара шал бір әңгіме бастаушы еді,
Қондырып,
Керуен ойды қабағына...
ІІ-БӨЛІМ
Көмірдей алабұртып көріктегі,
Қара бұлт –
Кешкі араймен көріктенді.
Сиырлар азан-қазан қайтты ауылға,
Жайылған көк шалғынға өрістегі.
Төсінде сағым ойнап,
Жайлап қана,
Кешкі үнге жаңғырады сай жақ дала.
Тас батып табанына –
Қойға ере алмай,
Белесте қалқияды қалмақ бала...
Құраулап сонау маңда жылқыларды,
Естілсе...
Жылқышының сылқым әні,
Қазан-ошақ маңында бүрсең қағып,
Жетімнің шөміш мойны қылқияды.
Түн үйып келе жатыр...
Баяу ғана.
Қалғиды тыныштыққа ояу дала!
Ауылдан анда-санда ит шәу етсе,
Селк етер –
Тас түбінен қоян ғана...
Алдында тас құдайдың –
Жалған жайлы...
Уздындар1
азан айтып,
Салды айқайды.
Ақ үйдің ай астында аруағы асып,
Құрым үй –
Қайыршыдай жалбаңдайды.
Жанарын дүйім жұрттың жасқап тәмам,
Шет жақта –
Хан орда тұр асқақтаған!
Белдеуде –
Бедеу аттар пысқырынып,
Есікте –
Күзетші тұр қас қақпаған .
Жамылып иығына орман ішік,
Хан отыр сар қымызды толғап ішіп.
Даяшы босағада жаутаңдайды,
Аңдыған хан қабағын жорға күшік!..
Қалтырап қаһарынан:
Қара мен бек,
Жиналған бүгін мұнда аламан көп.
Тақ қасында бетінің түгі шығып,
Сұрланған...
Селбелі қара жендет!
Сандығын сағым ойдың жүз ақтарып,
Бұл күнді халық күтті...
Ұзақ талып!
Сол тұтқынды есіктен әкелді әне!..
Мойнына қыл шылбырдан тұзақ салып.
Бұлқынса ол –
Бұғаудағы арыстандай,
Адамның жүрегінен жаны үшқандай...
Піл білек,
Шойын тұлға қара жігіт:
Қырғи көз,
Қыран қабақ,
Барыс маңдай...
Топ жарып,
Сан қырғында қамал бұзған,
Сілтеген семсерінен қан ағызған!
Қызығып жас батырдың қайратына,
Тұтқын ғып,
Бір жорықыта хан алғызған!
Үкімді оқуға тіл бармағандай...
әмірші ойға батты әлдеқандай!
Тасжүректі пендеге көп қадалды,
Жылан боп...
Бозторғайды арбағандай.
– Тәңірі!..
Сорлы қылды құлын неден?
Қу көрдім –
Қаны сұйық зұлымменен,
Əкенің арқасынан түсе беріп,
Аузынан үзім нанын жұлып жеген!
Хан болып...
Отырғалы тұғырға шын!
Көрмедім мұндай жанды ғұмыр жасым...
Саудалап,
Сары алтынға ойнасам да,
Пенденің жұдырықтай жұмыр басын!
Кепкенмен туған жерде шаранасы,
Қимайтын несі қалды қара басы?
Жүз жұлдыз...
Сығалаған сұр күрке ме,
Қаңғырған қайыр тілеп кәрі анасы?
Халайық!..
Бүйрығымды тыңда ,кәні!
Мынау құл!
Құрметімді силамады...
Шыбын жаны шырқырап жаза тартсын,
Адамзат –
Естімеген туғалы әлі!
Таңдантып:
Қазақ елін,
Қырғыз елін!..
Осылай әділдікті білгіземін!..
Тас жүрегін жарып ап кеудесінен,
Ұшына қырық найзаның ілдіремін.
Бүгін түн –
Алпыс жігіт атқа қонып,
Жасасын түнделетіп жатқа жорық!
Бір тұтқын әкелінсін қазақтардан,
Ертең таң...
Отырғанша ел асқа қонып!
Жылатып –
Қара жұртын,
Қарт АНАСЫН!
Осылай билігімнен жар тарасын!..
Бауырының қазасын көзбен көріп,
ҚАЗАҚТЫҢ қырларына айта барсын!
ІІІ-БӨЛІМ
Сонымен жұмбақ жанда қалды ма ерік?!
Қос сарбаз –
Атағашқа таңды берік.
Кісі етіне дәніккен қара қаншық,
Тұтқын қолын жалайды қанды көріп...
Өмірдің қол созғалы жалына шын!
Дариға-ай!
Осы батты-ау жанына тым!..
Жаттың иті жағаңды жыртқан кезде,
Күшігін туған жердің сағынасың!..
Ол сәтте...
Төзім бар ма кемімеген!
Көзіңнен бұлбұл ұшса өмір өрен...
Тоқсанда сақалынан жас сорғалап,
Қорқыт та!
Көрден қорқып еңіреген...
Ездік пен өткірлікке бәс тігетін,
Өмірдің соқпағы бар бас тігетін!
Кім білсін...
Сонау түнде сол тұтқынның,
Айы өксіп,
Қара бұлтқа басты бетін...
Сәттерде:
Тіле мейлі,
Тілеме кей...
Кеудеңде бұйығады жүрек өгей!..
Тұтқынның көз алдынан өткен күн боп,
Бұлдырап...
Ұшып жатты шүрегей ой!..
IV-БӨЛІМ
Қалғыған жер кірпігі алақанда,
Сонау бір шолпан күлген ала таңда...
Тұншықты азғана ауыл тұлпарлардың,
Бораған тұяғынан қара шаңға!..
Ес қашты...
Қырға киік лағындай!
Кім күткен жортуылды, сірә, мұндай?
Кигіз үй найза ұшында домаланды,
Шалдардың жел ұшырған тымағындай!..
Қол келмей көк сауытты қаусыруды,
Шыбындай – көкірекке жан тығылды!
Байының басын шауып жастығына,
Жалаңаш жар қойнына...
Жау сұғынды!
Жаңғырып таңғы айқайға шың құлағы,
Шығыстан – бетін басып,
Күн жылады...
Біреудің алқымына ажал төніп,
Күлге аунап,
Жан бере алмай шыңғырады...
Қару ғып қолға ілінген тал-ағашты,
Бұл сонда –
Жаумен жалғыз жағаласты.
Жер құшып,
Жанасқандар аттан түсіп,
Талай ат ертоқымын ала қашты.
Түтігіп бұл қорлыққа кектен күйіп,
Талай ер кірді ұрысқа шекпен киіп!
Қан емес...
Ар төгуді намыс көрген,
Халқымның қасиеті неткен биік!
З.Тілеужанұлы 264 ОТ АДАМ
Жанына батып дұшпан басынғаны,
Елемей қыс қырауын шашындағы...
Тарта алмай сар садақты –
Шал жылады!
Сағынып балуан күшін жасындағы!..
Осылай шапқан жауға олжа түсті,
Құл мен күң –
Күңіреніп жолға түсті...
Жаралы ағасы үшін көбелек боп,
Шырқырап...
Жалғыз бауры ара түсті.
Сонан соң...
Бір қалғаны есіндегі,
Еңіреп іште кетен есіл кегі!
Дұшпанның білегіне ширатылып,
Бұрымы сүйген қыздың кесілгені...
Қан жуып...
Осылайша есіл қырды,
Қайғының қасіретін жетім білді.
Кеше өзі тезек терген көк өзекте,
Байының басын іздеп,
Жесір жүрді...
Көкпардай тақымға сап,
Додадағы...
Даламды...
Кімдер менің тонамады?
Дала!
Дала!..
Десек те...
Осы дала!
Жесірдің жасын сүрткен орамалы!
V-БӨЛІМ
Өткен күн...
Тағы көзге елестеді.
Япрай!..
Кеше ол бала емес пе еді!..
Қол бұлғап,
Көк сағымнан сағындырды-ау...
Арқаның бөкен жортқан белестері!
Көл қайда...
Шөп-шөп сүйген ақ шабағын,
Жаныңның шағаласы шаттанатын?!
Елтіген сезіміне елік қыздың,
Еске сап:
Тамсандырған ақ тамағын!
Бұрымы қыз қайыңның тарқатылған...
Ол жақта көктем шығар қар сапырған!
Бұйдалы ботасына кілем жауып,
Ауыл да көшкен шығар «Сарша құмнан!»
Қазақтың!
Көшкен кезде қайран елі!
Ол дағы өзінше бір сайран еді...
Жорға мініп,
Қырындап қыз-қырқынға,
Жастығын тойлап еді,
Ойнап еді!
Шешініп топқа түскен орда бұзып,
Жастықтың албырт шағы –
Ол да қызық!
Жауға шапса ол –
Шабатын намысына!
Шаппайтын –
Олжасы мен тонға қызып!
Адам боп,
Қара жерге туғасын кеп,
Тіледі ол –
«Оқ жонатын ұл қалсын!» – деп,
«Күң болса,
өз елінің кірін жусын!
Жасымен жат кесесін жумасын!», – деп.
Беткеймен...
Қызғалдағы сылаң қаққан!
Қосетек...
Таяушы едің бұлаңдап паң...
Қара мақпал қос бұрым –
Қандай едің...
Ай туған ақ мойынға құлап жатқан!
Жігіттің бір бағы сол –
Түн ұқтырған...
Сүйгенде қара көзден тұнып тұрған...
ТҰТҚЫН
Аптығып...
Ерінді-ерін іздеуші едің,
Ынтығып!
Ыстық деммен күйіп тұрған...
Сезімнің тәтті тілі балбыратқан!..
Кей кезде –
Байқамай қап таңды да атқан...
Үзілген қыз үкісін іздеуші едім,
Жапырағы жығылған бал құрақтан!..
Құлжадай қара бұлты қашқан шұбап,
Ол жақта жатушы еді аспан шулап.
Жаңбырға ернін тосып,
Гүл еркелеп,
Бұлқынып бұлғын бұлақ тастан құлап!
Тағдырмен Ана сүтін –
Таласа емген...
Туған жердің жарлы өскен баласы ем мен!
Бетеге басы айналған...
Алыс аспан,
Иілмейтін еменге –
Аласа ең сен!
Қара жал,
Қара арғымақ!
Марал мүсін...
Қанаты...
Қайсар ердің аманбысың?
Келер ме!
Құрулы оққа қарсы шапқан,
Күндерім ақ көбік қып таралғысын!
Қазақтың, қара орманы!
Шуламай жат...
Бақыл бол...
Бағыландар туған, аймақ!
Көрі жоқ,
Кебіні жоқ...
Көз жұмғанда,
Қарлы тау!
Қайғырмаңдар ұлға бейбақ...
Семсердей сындырса да сағымды Алла...
Жазира!
Мені есіңе ал,
Бағың барда!
Еңіреп...
Есігіңнен құл шыққанда,
Ақ сауытты ұлыңды сағынғанда!
VI-БӨЛІМ
Алаңға...
Жұрт жыйылды андағайлап!
Бұл жерге ажал түнеп...
Салған ойнақ!
Түндерде:
Ішін тартып,
Байғыз сыңсып,
Таң атса –
Қан аңсайтын қарға қайнап!
Бұл жерге...
Дәтің барса таяғалы:
Гүліңе көк күрсініп,
Жай ағады!..
Адамның қаны тамған қап-қара тас,
Алдыңнан –
Қарғыс айтып оянады!..
Меңіреу тас қараңғы зындандардан,
Күледі сықылықтап,
Жынданған жан...
Қарашық үміт іздеп жаутаңдайды,
Жүзінен ақ алмастың ызбарланған...
Тарта алмай –
Күйші саусақ күйбеңдейтін,
Жоқ шығар...
«Жез киіктей» күйден жетім!
Күніңді күліп тұрып,
Жырлар ем мен!
Жер сенің –
Жазылған жоқ күйген бетің...
Қайтпайтын кегі кеткен қара күштен,
Əманда ақын біткен...
жаралы іштен!
Ойлының –
Ойлы басын тостаған қып,
Ойсыз ғасыр бір кезде шарап ішкен!
***
О, тағдыр!
Тұтқынды ая тұрған мына!..
Ажалдың ілінді ғой тырнағына...
Қанжарын қынға жанып жалаңдатып,
Əнеки,
Жендет төнді құрбанына!..
Жендеттің алар кезде –
жарағы жан,
Көп үні күңіренді дар алдынан!
Үміттің балапаны дір-дір етіп,
Жұтқалы жиырылды қара жылан...
Ұйпалап құйын кезіп:
Құм – шағылды,
Көңілдің көк жайлауын бұршақ ұрды...
Тарығып құмда құлан кісінеді,
Құмартып қан иісін сұм сағынды.
Мелш етпей:
Қара жартас, қаралы аспан...
Сыңсыды әлде бір үн дала жақтан!
Қайғы аспаны беліне құлап түсті...
Ананың бүкірейіп бара жатқан!..
Тауысқан сәттер өтіп,
Тағатын жұрт...
Қайта ойнап қаршықта –
Бала тірлік!
Қара қылыш қынапқа қайта кірді,
Жендетін тоқтатқанда хан ақырып.
Шынымен ұмытты ма кәрлі кекті?
Деген ой –
Билеп бір сәт бар жүректі...
Астында қазанатын ойнақтатып,
Зұлым хан тағы нені жарлық етті?
Бас қыйған:
Атақ үшін,
Байлық үшін,
Ел шауып,
Еңіреткен қайғы құрсын!
Тұтқынға жалғыз іні тұрды ұсынып,
Жорықта сертке таққан хан қылышын.
– Ағажан, туған жерді аңсадым мен...
Жарысқан тайға мініп сар сағыммен!
Қапастың өлік түні үрейімді ап,
Хоштастым балалықтың бал шағымен...
Үйіне өрт қойдым ба пенделердің?
Өмірге бақыт үшін келген едім...
Сағынтты көлден қайтсам суын төгіп,
«Көкшешек» – деп,
Ойнайтын жеңгелерім!»
Сері мен салдар туған тойлы елімде,
Үмітін қарауыл қып ой беліне...
Отыр ма –
Менің анам жамау салып,
Менің мәңгі кимейтін көйлегіме?
Қылышты хан ұсынған кері қақпа!
Қолын бастап қайта мін керік атқа...
Алмасаң...
Алмас семсер көз алдыңда,
Тірідей туратасың мені жатқа!..
Жас болып,
Жар күлкісін тыңдағам жоқ!..
Ер болып тартқаным жоқ сұр қамалға оқ.
Қапаста өксіп ұйықтап балалығым,
Кім мені аяласын мұңды анам боп...
– Інім-ай!..
Берілмеші уайымға!
Жан үшін жаудан сауға сұрайын ба?
Туған жерде мола аздай ат сүрінер,
Далаңның бетін қанға жуайын ба?
Жайраңдап жау жүйрігін мінейін бе?
Сен үшін қызық дәурен сүрейін бе?
Қаралы қарт анаңнан қарғыс алып,
Қаралы туырлығын тілейін бе?
Тағдыр-ай!
Осыншама қатал ма ең сен!...
Арман не қанды жорық сапарда өлсем...
Далаңның өртейін бе ақселеуін,
АТАҢНЫҢ АУЗЫНДАҒЫ САҚАЛМЕН ТЕҢ?
Зұлым хан!
Сен қайтесің мұнда сынап?
Қырандар шыңда түлеп,
Шыңда туад!
Мен туған айналайын атамекен,
Бауырымның басынан қымбатырақ...
Несіне бізді асырап тер төкті ана,
Алладан бабам тілеп еркек бала?
Кіндік кескен туған жер топырағын,
Бас кетсе де қорғайды еркек қана!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу