Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  112


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

ТУҒАН ЖЕРІМ, АҚСУАТ...

(Інім – Қайнолла Тілеужанұлына арнаймын)
Туған жерім, Ақсуат.
Сені көрер күн бар ма?
Асығушы ем жеткенше,
Қозы терген қырларға!
Қайнолла інім тұрғанда...
Тобылғы сай, Торы тау...
Күнде түске кіресің!
«Суасуда» – бүлдірген...
Бүлдіргеннің тәттісін,
Тілі құрғыр білесің...
Сыртың бүтін, іш түтін...
Жаба тоқып жауырды,
Өп-өтірік күлесің...
Тарбығатай ұлы тау,
Сауыр, Сайқан, Маңырақ.
Қайнолла інім кеткен соң,
Бәрі қалды-ау қаңырап,
Бәрі қалды-ау аңырап...
Бомба түспей үй құлап,
Жетім дала тұнжырап...
Ақтылы қой, ақбоз үй,
Көз ұшында бұлдырап!
Ақбоз үйден айрылып,
Ақсақалды шың жылап!
Етегінде құз жылап,
Құзбен бірге біз жылап!
Қайнолла інім, сенімен –
Қоштасқаным есімде...
Сонда ағаңды осылай


Тоқтатқаның есімде...
«Жасыңды тый, жан аға!
Хақтың ісі Аллада!
Сатқын ісі жалада...
Қасқыр ішік кигендер,
Боран соқса, тоңа ма?
Бес теңгеге саудалап,
Елін сатқан оңа ма,
Жерін сатқан оңа ма?..
Солардың да бабасы –
Отан үшін жан беріп,
Жатыр анау молада!
Түгел көшсек қалаға:
Атаң жатқан Ақсуат,
Анаң жатқан Ақсуат!
Өмір батыр қалмаққа,
Садақ тартқан бақ сынап!
Жерің жетім қалмай ма?
Тарбығатай жайлаған –
Желілеп құлын байлаған,
Баялы, Баяш, Байшәріп,
Атаңа нәлет қытайды –
Қойдай қуып сабаған!
Елің жетім қалмай ма?
Туған жерден...
Мен кетсем!
Туған жерден сен кетсең!
Туған жерден ел кетсе...
Төрт түлік мал өсірген,
Жерің жетім қалмай ма?
Шығысыңда Нор-Зайсаң...
Көлің жетім қалмай ма?
Дәл іргеңнен аңдыған,
Құмырскадай көп қытай –
Бір соғыспай алмай ма?
Бірің кетсең – той қуып,
Бірің кетсең – ой қуып...
Қазақ көппін дегенмен,
Тілеужанның алты ұлы –
Кімге тұтқа боласың,
Қай ортаға толасың?
Ала болсаң алтауың,
Əр төбеде қаласың...»
Бомба түспей үй құлап...
Мылқау дала тұнжырап!
Ақтылы қой... Ақбоз үй,
Ай астында бұлдырап!
Ақбоз үйден айрылып,
Ақсақалды шың жылап...
Етегінде құз жылап!
Құзбен бірге біз жылап...
Қайнолла інім сенімен –
Хоштасқаным есімде...
Сонда ағаңды осылай –
Тоқтатқаның есімде...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу