Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  513


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

ҚАП-ҚАРА ТҮНДЕ ҚАП-ҚАРА ҚЫЗДЫ ҚҰШАҚТАП...

(Кондализа Райсқа)
Қап-қара түнде –
Қап-қара қызды құшақтап,
Қап-қара бұлттар жапқанда айды түсі әппақ!
Қап-қара түнге –
Қарсы ағып бара жатырмын,
Қап-қара түндей –
Негрдің қызын құшақтап!
Қап-қара түнге –
Қап-қара тұлпар ағады!
Қап-қара көзін –
Қап-қара жалы жабады!
Қап-қара түнде –
Қап-қара айғыр арқырап,
Алтын тағадан –
Алтын ұшқындар жарқылдап,
Көзіңді аш, жаным!
Аспанға ана қарашы!..
Алтын ай көкте –
Тұлпардың сынған тағасы...
Балықтай болып,
Құшақта тулап қара қыз...
Қара қыз, айтшы!
Асығып қайда барамыз?
Қара қыз үнсіз...
Сезімге мас боп қалғандай!
Ұмыттым мен де –
Құралай қызды армандай...
Африканың –
Күнінен гөрі,
Түні ыстық.
Түнінен гөрі –
Негрдің қара қызы ыстық!
Қап-қара түнде...
Қабылан атып екеуміз!
Қап-қара түнде –
Алғашқы рет сүйістік!..
Қорқыныш емес...
Дауыл да,
Нөсер жаңбыр да!
Айналып барам...
Қызғаншақ қара Маврға!..
Қап-қара қызды –
Қап-қара түннен қызғанып,
Басамын қамшы сабалақ жалды айғырға!
– Алып ұш мені!..
Алыста қалған көктемге!
Керіліп жатқан Кербала-шөлден өтсең де...
Қайрылма кейін!
Тұлпарым сенен өтінем!
Жердегі сұлу қыздарға бәрін кешірем...
Алып ұш мені...
Қап-қара айғыр!
От кеуде!
Лапылдап жанған –
Тозаққа кіріп кетсең де!
Қап-қара, тұлпар!
Тозаққа кіріп кет мейлің...
Бермесе Алла...
Жұмақтан дәме етпеймін!
Ол жақта жүрген –
Жалаңаш хордың қыздарын,
Шүйіншісіне алмаймын жерде көктемнің!..
Көрсоқыр түнде...
Келемін ұшып,
Тау ма алдым?
Қыздармен бірге –
Бүлдірген терген сай қалдың...
Жұмақтан маған бәрібір орын таптырмас...
Жуытпас мені орнығып алған жауларым!.
Қап-қара қызды...
Қап-қара бұлттай жабайын!
Махаббат жайлы –
Ақырғы жырды жазайын!
Қап-қара қызбен –
Лапылдап бірге жанайын,
Қап-қара түнде –
Қап-қара күл боп қалайын!
Қап-қара түнде – қап-қара қызды құшаққа ап...
Қап-қара қыздың:
Жанары әппақ,
Тісі әппақ.
Қап-қара түнге...
Қарсы ағып бара жатырмын!
Қап-қара түнде...
Қап-қара қызды құшақтап!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу