Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  85


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

МАНЕТ АРУҒА

Түндерді жырлап...
Гүлдерді жырлап бақтағы!
Шалғайда сонау –
Шалықтап күлген шақ қалды...
Ақбілек артқан алаңсыз ару қайдасың,
Ақыннан өзге сүймеймін...
Дейтін басқаны?
Сүймесе,
Сүймес...
Солардың сырын білген кім!..
«Сүйем!», – деп мен де –
Бес – он күн дәурен сүргенмін!
Медеудің сайын –
Жаңғыртып бірге күлгенмін...
Алданып жүріп,
Алдауды мен де үйрендім!
Соларға жазған...
Жырларым менің –
Жырларым!
Соларға шерткен –
Сырларым менің...
сырларым.
басымнан қайта айланбас асыл жылдарым!
Түстікке тартқан –
Тізбегіндей боп тырнаның!..
Келмеске кетті!
Көрмеске кетті қайдағы!..
Мен қалдым жалғыз...
Аспанда жалғыз ай қалды!
Кеш батса болды –
Сүмбідей өңшең сері жігіт!
Босатпаушы едік...
Жатақта жалғыз айнаны!
Тәшкеннен келген –
Тыраштау жігіт Тағайдың,
Галстугін айт!
Қарыған көзін талайдың!..
Ғашық боп жүрген...
Қызыңа бәйіт жазам –деп.
Галстук қолға қонғанша ептеп алдаймын...
«Кірлетпейсің!», – деп,
Аузымнан талай ант алып,
Бұлданып Тағай беретін еді-ау, шалқайып!
Өзімді-өзім қылышша қайрап...
Манеттің –
Есігін қағу мен үшін ерлік қаншалық!
Сандалған сезім!..
Тигізіп әйтеу үмітке от...
Үміттен гөрі –
Кеудемде жатқан күдік көп!..
Баянға барған –
Қодар құлдай боп қалбақтап,
Манетке барып...
Шапалақ жеген жігіт көп!
Амалым бар ма?..
Аллалап барып қағамын...
Батырдай болып,
Бұзатын жаудың қамалын!
Бұрымын өріп,
Бұлаңдап Манет шыққанда,
Бәрінен бұрын –
Жанарын айтшы...
Жанарын!
Қыз күліп шықты!
Шапағын шашып,
Күн күлді!
Қалмапты есте...
Не айттым сонда...
Кім білді!?
Тасырлап шаба жөнелді тұлпар жүрегім!
Бой бермей басы –
Үзердей болып тізгінді!
Кім білсін, әйтеу...
Сүймедім бе екен...
Сүйдім бе?
Көбелек болып,
Көрінген отқа күйдім бе?
Тағайдан алған –
Галстук тозған...
Күні озған!
Күліп шығатын –
Манет ару жоқ!
Бұл күнде...
Аспаннан көздеп –
Аққуды атар мерген көп!
Көшеді күндер...
Үдеріп жанда керуен боп!
Махаббат өлді!
Өлді деп ешкім сенген жоқ,
Жырлайтын оны –
Зейнолла ақын өлген жоқ!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу