Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  91


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

НАЗАҒАҢА АРНАУ

(Шоқантанушы ғалым, белгілі публицист –Назарбек Қанафияұлына арнаймын)
ШЫҒЫСҚА поезд ағады,
Қап-қара түнді қақ жарып...
Аспанда жұлдыз жанады,
Поезға қарай қарсы ағып...
Ақсуат алыс –
Туған жер!..
Қарғыба алыс –
Қыйырда...
Назағаң, Нүкең үшеуміз,
Жетерміз ертең бұйырса!
Тарбығатай, Қызылтас,
Көк тірейді найзадай!
Назағаң, Нүкең мен де жас,
Жанарларда нажағай...
Сылық-сылық күліп өткен күн...
Арулардай сылаңдап!
Көк сағымнан...
Шығардай,
Қос бұрымы бұлаңдап!
Айша-бибі елінде,
Елеңдеген елігі...
Осы сұлу бүгінде,
«Сұлуталдың» келіні!
Ақ білегін түрініп,
Оймақтай ерні бүріліп,
Назағаңа назданып,
Үнді шәйді құяды...
Жардың сырын Назағаң,
Қабағынан ұғады.
Көктемеде гүл егіз,
Ұйқас тапса жыр егіз!
Назағаңдай ғұлама,
Қызыл шайға қанып ап,
Шоқан жайлы кітабын,
Жазғанын да білеміз!..
Қол ұстасып екеуі,
Желтоқсанның желіне,
Барғанын да білеміз...
Менің де жіпсіп маңдайым,
Нүрипаның шайына...
Жазсам деп жүрдім әрдайым,
Жеңгемнің шайы жайында.
Ақын жанды Назағаң,
Жеңгеме қарап қастағы...
Нұрипа сұлу жайында,
Жаңа бір дастан бастады...
Жайдары күліп жұмбақтап,
Киікке теңеп жан жарын,
Кіндікті жақтан бір қыран,
Құйылып көктен алғанын...
Еске алып туған күніңде,
Қиялға-қиял жалғадым.
Осы бір жырды Назаға,
Жеңгем мен сізге арнадым.
Тербеліп ақын теңіздей,
Тағы да сан жыр жазады.
Еркелеп жүзсін өзіңе,
Балқаштың әппақ сазаны!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу