Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  103


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

ҚАҢҒЫБАС КӘРІ ИТ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

Ит қартайды...
Қан сонар сайран қалды!
Жақсыларға –
Недеген жалған жарлы!..
Бөрік құрлы көрмейтін Бөрбасар еді,
Тайыншадай тай жеген арландарды!
Ұзақты күн шабатын балақ түріп,
Бала едік,
Онда біздер жалақ мұрын...
Қызықтаушы ек Оралдың көк итімен,
Ауылдың тамам итін таластырып!
Алып-жұлып,
Батырып қызыл қанға...
Бой бермейтін Бөрбасар қызынғанда!
Күшің барда,
Аузыңда тісің барда...
Ит болып таласпайтын жының бар ма?
Тірісінде ақпейіл иесінің,
Аңдыды ма ол көрінген күресінін!..
Ол да өзге иттей қастерлі қарғы киіп,
Құйрығын қайқайтып ап үретұғын...
Құрыстырып:
Сегізкөз,
Сүбе, белді,
Қатал жылдар қаһарын тіге келді!
Үш жыл өтті...
Бөрбасар жүдегелі,
Үш жыл өтті...
Бөрбасар түлемеді.
Ешкім бастан сыипамай жүзін жебеп,
Ұзақты күн татпайды ол үзім қорек...
Ит болып әуел баста –
Жаралған соң,
Ит болып –
Жағымси да білу керек!..
Қаңтардың...
Кәр бораны долданғанда,
Паналар ит байқұста ...
Қорған бар ма?..
Ұлиды ит!
Қара түнді қалтыратып...
Ұлыған жақсы шығар қорланғанда!..
Сонау бір қаздар ұшқан көктемеде,
Асыр салып секіріп көк бедеге...
Құйрығымен ойнайтын күшік күнін,
Тартып алған Тәңірге –
Өкпелей ме?
Атыра алмай ақпанғы таңды, сірә!..
Ұли ма екен ит біткен жан қысылса?
Өзінің –
Ит боп кеткен зәузатына...
Зауал түнде жаудырған қарғысы ма?
Қойға бөрі тигенде бөріктіріп,
Бөрбасар жоқ...
Айқасар еріп шығып!
Жәйшылықта жақ жаппас тамам шәулі,
Шәу етпей күйдіреді-ау ...
Көріп тұрып!
Бұл жан сырым, бауырым!
Іш күйерлік!
Қор қылғанда бірі жоқ...
Күш тігерлік!
Бұғып келіп,
Қылтаңды қиятұғын...
Қаптап жүр...
Қайда барсаң –
Шпион ит!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу