👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  36


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

ҰШ, АҚБОЗ...

Ұш, Ақбоз!
Тағы да ұш!..
Тағы адастыр...
Жанымды туған жермен амандастыр!
Көлбеңдеп көлеңкемдей қалмай жүрген,
Келеді қуып мені қара қасқыр!..
Жетті, әне...
Салды ауызды!
Талайды енді...
Мынау кез –
Қасқыр талар заман ба еді?
Жан дауыспен айқайлап достарымды,
Тек қана шақыруға шамам келді...
Жаңғырып даусым кезіп,
Сай-саланы,
Күңгірт құз,
Шың жаңғырып қайталады.
Жақсы күнде жанымда дос көп еді...
Тарыққанда табылмай қайда қалды?
Қолға қайдан ілікті құдай айдап,
Ақ семсер!
Жауға айбат!
Ерге қайрат?
Мәссаған!..
Дос дегенім –
Қоңыз болып,
Қуыс іздеп барады тырағайлап!
Бұл қорқау...
Мені жұтпай жай жата ма?
Сілтедім семсерімді айға шаға!
Аузынан түйдек-түйдек жалын құсып,
Айналды ол жеті басты аждаһаға!..
Ұш, Ақбоз!
Шегінетін жер қалмады...
Айқастан ай тұтылды,
Жер қанданды!
Бір басын қағып алсам,
Екіншісі –
Жұтуға жиырылып ыңғайланды...
Қайдағыны көреді-ау кісі деген,
Ояндым...
Қаратерге түсуменен!
Алатаудан,
Күн шығып келе жатыр!
Əншейін... бір сандырақ түсім екен...


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы