Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  191


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

ҚОРҚЫТТЫҢ ҚОБЫЗЫ

Қыл қобыз!..
Тағы неге еңіреді,
Шерткені шері бабамның,
Шері ме еді?
Немесе,шерменде боп іште кеткен,
Семсер сілтеп,
Алмаған кегі ме еді!?
Күйші де –
Тарта-тарта терге батты!
Қыл боздап...
Шанақтан күй сел боп ақты!
Сайбақтың – «Сары өзенін» тартқан кезде,
Іркілген жұрт ұмытты көзде жасты...
Аққу құс көгілдірін көлде ойнатты!
Жаныма...
Мынау күйің майдай жақты!..
Жалаңтөс батырлары жауға шауып,
Ботабел сар садақты аңыратты!
Желіккен жау қаптады найза сілкіп,
Алысты ел,
Алысты ер!
Жаға жыртып!
Еліріп ерін алып бауырына,
Лағып жүйріктер жүр,
ҚАННАН үркіп...
Майданда бастан ұшып,
Батыр бағы...
Тамшылап жүрегінен жатыр қаны!
Кезінде:
Жалын сүзіп,
Жанын үзген,
Иесін арғымағы жатырқайды!..
Немесе...
Сезіміне жанып жатқан!
Аруды құшты ма екен жары ұнатқан?
Əттең-ай!..
бір жарқ етіп өте шықты,
Жұлдыздай түнгі аспанды жарып аққан!
Қыл қобыз!
Тағы неге еңіреді...
От жалмап,
өртенгендей төңірегі...
Көпті көрген көнекөз құныс қобыз,
БАБАМНЫҢ:
ӨЗІ ме еді,
КӨЗІ ме еді?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу