Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  103


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

АҚЫН ӨЛДІ...

(Мағжан Жұмабаевқа)
Ақын өлді...
Сонау алыс жылдарда!
Қызғалдақтар көз ашқанда қырларда.
Рухы оның – туған жерді айналып,
бұлбүл құс боп...
әлі күні жырлауда!
Жырлауда әлі!..
Бақыт жайлы,
Мұң жайлы.
Мәңгі мең-зең...
Марғау таулар тыңдайды.
Жырлары оның –
Құмға шашқан сары алтын!
Қайран ұрпақ көзі қимай жинайды...
Қайран ұрпақ!..
Көзі қимай жинайды...
Жинайды да –
Шіркін жанды қинайды.
Томдары оның дүкендерге түспейді...
Қатпар-қатпар сөрелерде тұрмайды!
Ақын өлді...
Өлтіргендер тірі әлі!..
Таяп қалды жөнелетін уағы.
Қалт-құлт етіп таяғына сүйеніп,
Мінбелерге – Көлеңкелер шығады.
Ақын өлді... Көлеңкелер тірі әлі!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу