Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  142


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

ҚАРАКЕРЕЙ ҚАБАНБАЙДЫҢ СОҢҒЫ СОҒЫСЫ

Сусынын жар қолынан татты да ақыр,
Дерт меңдеп...
Төсегінде жатты батыр.
Ілулі керегеде сірі садақ,
Шаң басқан:
Қылыш, қанжар, сапы да тұр.
Күзеудің күйі қашқан –
Қара суық...
Аулақта жел менен ит таласа ұлып.
Бір кезек күлдір-күлдір кісінеді,
Белдеуде Қубас тұлпар аласұрып.
Қубас ат кісінейтін жауды біліп,
Сарынға күндік жерден құлақ түріп.
Сыралғы иесінің жан серігі,
Құтқарған сан ажалдан алып шығып.
Батырға белгілі боп,
Жау келгені,
Жаңғыртты ашулы үні әудем жерді.
«Қырылып қалғансың ба өңшең, мұндар!
Хабар сал!..Тез біреуің бер кел!», – деді.
Сүрініп етегіне түсі қашқан,
Есіктен нөкер кірді түсіп аттан:
«Көрші елден ауыр қолмен келді Атеке,
Сан жауды... Жағаласта сұсы басқан!
«Мен-дағы еңіреген ер ем, – дейді,
Намысты неге қолдан берем! – дейді.
Тірлікте теңдік бермей өтіп еді,
Өлерде әуселесін көрем!.. – дейді.
Санына шабдар аттың қамшы басып,
Ордаңның түңілігін шаншып ашып...
Айдарлыңды құл қылып, тұлымдыңды,
Ат артына саламын қан жылатып!
Ақырсаң арыстандай сар далада,
Ықтамай айбарыңнан жан қала ма?!
Мұңайып осы күнді...
Күткенмін мен!
Бөрідей мұңын шағып,
Айға ғана!
Жатқанда төсегінде көзің жайнап,
Жеріңе қол түнетем,
Желі байлап!
Ашамын аруыңның абыройын,
Артына жауыр атан салып жайдақ!..»
«Дариға-ай!.. – деді батыр –
Азап тірлік...
Берсең де...
Алма деуші ем,
Мазақ қылып!
Алар ажал!
Сол күнде қайда қалдың,
Жортқанда ат арқасын қажаттырып?
Сен келсең–
Келме маған!
Кет! – дедім бе?!
Жауға шаптым құрсанған көк темірге!
Көк найза боп,
Өңменнен өтпедің бе?...
Итініп сұр жебе боп жетпедің бе?!»
Сүйеніп шоқпарына қасындағы,
Орнынан батыр тұрып ақырады:
«Тарт былай, тұлпарымды!
Бастан жыға – қисайса,
Жау жаманы басынады!
Адранасы алты атан сіңірінен
Кірісі –
Қара еменнің түбірінен,
Бері әпер!
Ана тұрған сар садақты!
Таутекенің иілген мүйізінен.
Əперші, күндей күміс қалқанымды,
Қаһарға кәрі жыным қайта мінді!
Ала шық Хорасанның көк құрышын,
Алтын балдақ ақ семсер қан сағынды!»


***
Бұлаңдап Қубас тұлпар қырды асады,
Күн көзін екпінінен шаң басады!..
«Ауырғаны өтірік болды ғой!», – деп,
Өз көзіне сенбейді жау жасағы...
«Есің жый!
Неге аңырып тұрсың», – десіп,
Жау қақты дауылпазын дүңкілдетіп...
«Сорымызға қай шайтан түртті екен...», – деп,
Шіріктер жүр артынан күңкілдесіп.
Болғанда батыр шері –
Дұшпан бөрі!..
Көп бөрі ортаға алды қайран ерді!
Қубас тұлпар аузынан көбік шашып,
Батырдың есік болды жүрген жері
Өрт тигендей:
Ну қамыс,
Қауға барып,
Батырды ортаға алды жау жаланып.
Талай ат құла түзге маңып кетті,
Иесі үстіндегі найзаланып!..
Сәскеде саябырлап шу басылды...
Албырап Күнікей – күн қырда күлді.
Таулардан будақ-будақ бұлыт көшті,
Қаңтардағы құтырған бура сынды.
***
Қубас ат ереуілдеп –
Оттай жанған!
Далада жау қашырып,
БАТЫР қалған...
Басына бір биіктің аттан түсіп,
Соңғы рет туған жерге көзін салған.
«Ал, АЖАЛ!
АЛА БЕР!» – деп күбірледі...
Жарадан қан саулады...
Дірілдеді!
«Басында бір биіктің аттан түсіп,
Жатады –
МƏҢГІЛІККЕ ҰЛЫҢ!», – деді.
«Туған жер!
АҚ СҮТ емген бұлағым ең,
Өзіңде СҰЛУ құшып,
Құла мінгем.
ҚУҒАН ЖАУЫМ –
Айналып қайта шапса,
КӨРІМНЕН ДЕ күркіреп шығармын мен.
Əзірше біраз мызғи тұрайын мен!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу