Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  69


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

ХАЙУАНАТТАР БАҒЫНДА

Арыстан торда жатыр!
Көзі жайнап,
Бойда жоқ –
Буырқанған ашу, айбат.
Қыннан тартқан қылыштай –
Жарқыл қағып,
Жауына атылмайды,
Кегі қайнап.
Шерінің досы да жоқ,
Дұшпаны да.
Қарайды тордан көз сап тыстағыға
Ол үшін:
Адам тордың,ғалам тордың,
Түскендей көрінеді қыспағына...
«Өлмесе – өрем қапсын!..
Түсе берсін!
Тасыса талқандасын,
Күші егер шын...
Бір тойғанға байыған-
Қайран тобыр,
Бақыттың –
Қайдан білсін құс емесін!»
Хайуанат бағында күн батады.
Бұлбұл мұңын шағады –
Түнге тағы...
Бір бұрышта бүрісіп байқұс маймыл,
Шемішке шағып,
Күнін жұбатады...
Тордан жұлдыз жамырап көрінеді,
Арыстан да қалғиды,
Керіледі.
Əлдеқашан...
ұмыт боп өшіп кеткен,
Өксіп келіп құшады өмірі енді!
Құтыртып,
Бойындағы ата қанды,
Күндей қызыл киіктер қашады әні!
Айдай әлем,
Қалтырар жапырақтай,
Күңірентіп ақырса Сахараны!
Қызыл киік...
Сағымға араласып,
Жете алмайды...
Арыстан қара басып!
Енді бірде жатады жапан түзде,
Қап-қара...
Қабыланмен жағаласып.
Ақырғанда арыстан ұйқыдағы,
Сол айқайдан тұнады түн құлағы!
Мақұықтың:
Бірі ұлып,
Бірі өкіріп,
Өрт тигендей,
Бақшадан шу шығады!
Қанша таң –
Шұғыласын шашу етті,
Төбесінен күркіреп,
Жасын да өтті.
Арыстан торда жатыр,
Талғажау ғып,
Тетя-Мотя тастаған жасық етті.
Қатал қапас...
Тонаған бойдан бәрін,
Арыстанға жұбаныш –
Тойған қарын!
Ақылсыз аңғал батыр қайдан білсін,
Асыранды мысыққа айналғанын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу