Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  250


Автор: Сәруар Қамаева

ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАНДАСТАРҒА

Бауырлар аманбысың қиырдағы,
Заманның тиген желі, құйындары.
Кешегі «Елім-айлап» өткен күндер,
Бабалар жүрген жолын шиырлады.
Бауырлар аманбысың алыстағы,
Сендермен келдім бүгін табысқалы.
Атажұрт аманатын арқалаған
Қазақтың айдарлы ұл, арыстары.
Бауырлар аманбысың шалғайдағы,
Өзіңе Өр Алтайдың жалғайды әні.
Сақтаған ата салтын асыл жандар,
Қазақтың бұзылмаған бал-қаймағы.
Бауырлар, аманбысың, шөлдегендер,
Рухымен ата-баба өрлегендер.
Тағдырдың тауқыметін тартса-дағы,
Тілі мен дінін жатқа бермегендер.
Бауырлар аманбысың жырақтағы,
Еліңді кімдер, қалай жылатпады.
Тамырын туған тілдің үзбегендер,
Қазақтың сарқылмайтын бұлақтары.
Бауырлар, аманбысың, ақтабандар,
Шарасыз шекараны аттағандар.
Бөгде елдің бөтен жұрты болып жүріп
Қазақтың шежіресін жаттағандар!
Бауырлар, аманбысың, ақтабандар?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу